1. Басты бет
  2. Басқарма туралы
  3. Афиша
  4. Жаңалықтар тізімі
  5. Ведомстволық Бағынысты ұйымдар
  6. Байланыс
Басшының блогы

Біздің сайтқа қош келдіңіздер!

«Жамбыл облысы әкімдігінің, мәдениет мұрағаттар және құжаттама баcқармасы»

Быкыбаев Дүйсеналы Дыбысалыулы

СІЛТЕМЕЛЕР

Хабарлама


Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының 2014 жылы атқарған жұмысы және алға қойылған міндеттер туралы Д.Бықыбаевтың баяндамасы

Құрметті Ерқанат Нұрбапаұлы! Құрметті әріптестер!

Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы мәдениет саласында алдағы жылдарға жаңа міндеттер жүктеген маңызды құжат болды. Осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, Басқарма облыс мәдениетін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқаруда.

2013 жылы мәдениет, мұрағаттар салалары бойынша жалпы облыста 543 мәдениет мекемелері халыққа мәдени-көпшілік қызмет көрсетсе, 2014 жылы Байзақ ауданында Қарасу ауылдық кітапханасы ашылып, жалпы саны 544-ке жетті.

Соңғы жылдары мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. 2013 жылы жергілікті бюджеттен 3 млрд. 220 млн. 900 мың теңге қаралса, 2014 жылы мәдениет саласын қаржыландыру көлемі 5 млрд. 250,8 млн. теңгені құрап, 63 пайызға артқан.

Сол себепті, облыстағы мәдениет ошақтарының жағдайы кейінгі жылдары біршама жақсарды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2012 жылы 240,4 млн. теңгеге 15 нысан, 2013 жылы 249 млн. теңгеге 9 нысан жөндеуден өтсе, 2014 жылы 54 мәдениет нысанына 983,3 млн. теңге, облыстық басқармаға қарасты мәдениет және өнер мекемелеріне 113,5 млн. теңгеге бөлініп, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұлттық тарихты зерделеу мақсатында «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру үшін биылғы жылы бюджеттен 150 млн. теңге бөлініп, қалашықтың қорғаныс жүйесі, цитадель, шахристан, рабад бөліктерінде қазба жұмыстары жүргізілді.

«Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес жоспар негізінде Ежелгі Тараз қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары жүргізілетін болады.

Археологиялық зерттеу жұмыстарын тереңдетіп, ғылыми зерттеулерге жол ашу мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі және Қытай Халық Республикасының «Ұлы Жібек Жолы» бойының экономикалық белдеуі институтымен екі жақты меморандумдарға қол қойылды. Жыл басында облыс әкімі бастаған делегация Ұлы Жібек жолы бастау алған Шэньси Провинциясы Сиань қаласына барып, мәдени, тарихи байланыстар орнатуға меморандумға қол қойылды. Сәуір айында Сиань қаласынан бір топ тарихшылар, археологтар және өнер қайраткерлері Таразға келетін болады.

ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне енгізілген 33 элементтің қатарына Қазақстаннан Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан 8 нысан қосылған болатын. Соның 5-уі біздің облыстың үлесінде. Олар: Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені.

Аталған тізбеге қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан «Ежелгі Тараз» қалашығын ұсынуға құжаттар рәсімделуде.

Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында биыл Тараз қаласы мен Сарысу ауданының «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» жарық көрді.

Жалпы мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен халыққа қызмет көрсету барысына тоқталар болсақ, биыл облыс театрлары 69 113 көрерменге 407 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында 19 жаңа қойылым сахналады.

Сондай-ақ, аудандардағы халық театрларының облыстық «Театр KZ» фестивалі және «ТҰҢҒЫШБАЙ ӘЛ-ТАРАЗИ ТАРАЗҒА ШАҚЫРАДЫ» атты актер өнеріне арналған І халықаралық театр фестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және республикамыздың белді театр ұжымдары қатысты. Аудандардың театр ұжымдарының жетекшілері мен актерларына атақты режиссерлар Тәжікстаннан Барзу Абдразахов пен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Әл-Тарази шеберлік сағаттарын өткізді.

Театрлар моно қалаларды жандандыру мақсатында Қаратау мен Жаңатас қалаларында, аудандарда, облыстарда гастрольдік сапарларда болды.

Бүгінгі таңда облыста 7 музей халыққа қызмет көрсетеді. Облыс музейлерінде 2014 жылы 93 мыңға жуық экспонаттарды 46583 келушілер тамашалады. 1852 экскурсия, түрлі тақырыптарда 430 көрме ұйымдастырылды.

Есепті жылы Наурыз мерекесіне орай Астана қаласында өткен қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, сәуір айының 17-23 аралығында Астана қаласындағы қазіргі заман өнер музейінде Л.Брюммердің 125 жыл мерейтойына орай музей қорындағы туындыларынан экспозиция жасалып, Бейбітшілік және келісім сарайында музей жәдігерлерінен театрландырылған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 19 мамыр - Халықаралық музей күніне орай «Түнгі думан» акциясы ұйымдастырылып, шараны 2000 жуық келушілер тамашалады.

Жамбыл облыстық филармониясы ұжымы жыл барысында өткен барлық даталы мерекелерге атсалысып, концерттер ұйымдастырып, көрермен көңілінен шықты. Республикамыздың бірқатар облыстарында, облыс аудандарында гастрольдік қонцерттер ұйымдастырды. Филармония құрамындағы шығармашылық ұжымдар 231 концерт ұйымдастырып, оған 117 928 көрермен қамтылды.

Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет Жамбыл облыстық филармониясының «Тараз – ғасырлар куәсі!» атты концерті, ІІ-ші Халықаралық «Қаратау сарыны – 2014» атты дәстүрлі музыка фестивалі, Алматы облысында Жамбыл облысының мәдениет күндері өтті.

Есепті жылы филармонияның жанынан «Кәусар» вокалдық ансамблі құрылды.

Облыстық кино орталығының «Алтын қорында» 1218 дана кең көлемді форматтағы көркем фильм, оның 234-і қазақ тілінде, 1644 дана деректі фильм, 25 дана мультипликациялық фильмдер бар.

Облыс бойынша 1 кинотеатр, клубтар мен мәдениет үйлерінде 23 киноқондырғы, 10 «Зерде» бейнемобильдері халыққа кино көрсету жұмысын атқарып келеді.

Жыл ішінде 3075 кинокөрсетілім қойылып, 116 400 көрермен қамтылды.

Жазғы маусымда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағында ашық аспан астындағы «Кино әлемі» акциясы аясында әр аптаның жұма, сенбі күндері отандық кинофильмдер тұрғындардың назарына ұсынылды.

Мұрағат қызметіне келсек, Жамбыл облысының өткен тарихы жөніндегі сан мыңдаған деректер мен нақты құжаттар облысымыздағы мемлекеттік мұрағаттарда сақталуда. Мұндағы мол тарихи құжаттар қоры өлкеміздің шежіресі, алтын қоры.

Жыл қортындысы бойынша облыстық мұрағат мекемелерінде 886 мекеме толықтыру көздері болып тіркеліп, 4982 қорда 854986 сақтау бірлігі жинақталды.

Мұрағат құжаттары негізінде 2014 жылы әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстар бойынша 15241 мұрағаттық анықтама берілді және электрондық 100 сұраныс (e.gov арқылы) қанағаттандырылды. Барлық мұрағат мекемелері бойынша 23355 сақтау бірлігінің 1436456 парағы санды-электрондық түрге көшірілді. Сонымен қатар мұрағаттарда ақын, жазушылар, ғалымдар, ғылым докторлары, кеңес одағының батырлары және мәдениет қайраткерлерінің 2546 жеке тектік құжаттары сақтаулы.

Соңғы жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің тікелей қамқорлығымен мұрағаттардың материалдық-техникалық базасы жақсарып, ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа жиһаздармен жабдықталып мұрағат қызметі жандана түсті. 2007 жылдан бері, яғни құрылғалы жалдамалы ғимаратта отырған, Тараз қалалық мемлекеттік мұрағат мекемесі, 2014 жылдың соңғы күндері заманауи 2 қабатты жаңа ғимаратқа ие болды.

Кітапхана саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, облыста барлығы 286 мемлекеттік кітапханалар халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 275 аудандық және ауылдық, 8- қалалық, 3 -облыстық кітапхана.

Мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханасы заман талабына сай өз пайдаланушыларына қызмет көрсету мақсатында 2014 жылы Жамбыл ауданы Айша-бибі ауылы және Сарысу ауданы Саудакент ауылында «Модельді ауылдық кітапханалары» ашылды.

Бүгінгі таңда облыс кітапханаларының кітап қоры 3 329 406 дананы құрап, оның мемлекеттік тілдегісі 1 493 341-ге жетті. Оқырман саны 255 мыңға толып отыр. Есепті жылы 147 млн. 884 мың теңгеге кітап қоры толықтырылды.

286 кітапхананың Интернетке қосылғаны 205. Компьютермен қамтылғаны – 244. Облыс кітапханаларын автоматтандыру бағытында жалпы 226 кітапхана «РАБИС», «АБИС», «КАБИС», «ИРБИС», «АИС СБ РК» арнайы әртүрлі бағдарламаларымен жұмыс жасауда. 2014 жылы дерекқорға жалпы барлығы – 653 466 дана әдебиеттер енгізілді.

Жергілікті ақын-жазушыларға қолдау көрсету мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 24 304 800 теңгеге 7 570 дана кітап алынды.

Жыл ішінде облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ауыл кітапханаларының инновациялық бағыттағы жұмыстарымен жете танысып, кәсіби білімін жетілдіру мақсатында мамандармен тренингтер және шеберлік сыныптарын өткізді.

Есепті жылы Мойынқұм ауданында «Облыс кітапханалары және олардың инновациялары» тақырыбында және Жамбыл ауданында «Балалар кітапханалары өлкетану жұмысын дамыту орталығы» атты тәжірибелік семинарлар өткізілді.

Кітапхананың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 43 млн 715 мың теңге, аудан бойынша 30 млн. 955 мың теңге жұмсалды.

Дегенмен, кей аудандарда мерзімді басылымдарға, кітап қорын толықтыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қаражат көздері аз қаралуда.

Клуб мекемелеріне келер болсақ, облыста мемлекеттік жүйе бойынша барлығы 199 клуб мекемелері тұрғындарға мәдени қызмет көрсетеді.

Аталған клуб мекемелерінің 161– і типтік ғимаратта орналасса, 38 клуб бейімделген ғимаратта жұмыс атқарады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 741 клуб құрылымдары жұмыс жүргізіп, оған 7 913 адам қатысады.
Өнер ұжымдарының шығармашылық деңгейін саралау мақсатында Министрлік тарапынан «Халықтық» «Үлгілі» атағын беру, халықтық дәрежесін қайта қорғау жүргізіліп, олардың қатарына жаңадан 7 халықтық ұжым қосылып, жалпы саны 46-ға жетті.

Жергілікті бюджеттен клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға барлығы 108 599 мың теңге бөлініп, мәдениет және өнер мекемелерінің базасы жылдан-жылға жақсару үстінде.
Облыстың мәдениетін дамытудағы өзекті мәселелердің бірі - кадр мәселесі.
Бүгінгі таңда мәдениет, мұрағат саласында жұмыс атқаратын 2799 қызметкердің 1641-і шығармашылық саласында. Оның ішінде 1517-сі мәдениет саласында, 124-і мұрағат қызметкерлері.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша соңғы 3 жылда 29 жас маман ауылдық жерлерге тұрақтандырылса, оның 14-і 2014 жылдың үлесінде. Олар: Жуалы ауданы – 4, Жамбыл ауданы – 1, Меркі ауданы - 1, Талас ауданы – 2, Т.Рысқұлов ауданы-2, Шу ауданы-1, Мойынқұм – 1, Қордай - 2. Әулиата өңірі өнер дарыған, қасиет қонған құтты мекен. Осы өңірден талай талантты өнер иелері түлеп ұшты. Осындай киелі топырақта дүниеге келген ұрпақ өнер арқылы тәрбиеленеді. Ол үшін жастарды тәбиелейтін, оларды өнерге баулитын шаңырақ керек.
Көп жылдан бері өзекті мәселелердің бірі болып келген облыс орталығында мәдениет және өнер колледжін ашу облыс әкімі тарапынан қолдау тапқаны баршамызға қуаныш лебін сыйлады. Сондықтан, жуық арада көне Тараз шаһарының төрінен Мәдениет және өнер колледжі ашылады деген ойдамыз. Облыс басшысының осындай игі бастамасы үшін алғысымыз шексіз.
Сонымен қатар, жыл ішінде бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық мәдени-көпшілік іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылды.
Маңызды іс-шараларға тоқталар болсақ, «Көктем» Халықаралық классикалық өнер фестивалі екінші рет өтті. Фестивальда Ресей, Германияның классика өнер майталмандары мен Қазақстан Республикасы және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры өнер көрсетті.
2014 жыл мәдениет саласы қызметкерлері үшін жемісті жыл болды. Елбасы Жарлығымен жарияланған мәдениет қызметкерлерінің күнінде «Тараз тарланы» номинациясы бойынша облыс әкімі К.Н.Көкрекбаевтың Алғыс хатымен 5 қызметкер, үздіктер (режиссер, драматург, кітапханашы, композитор т.б) номинациясы бойынша 12 қызметкер, Жамбыл облысының мұрағат қызметіне 75 жыл толуына орай 15 сала мамандары марапатталды. Жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің шығармашыл жастарға арналған сыйақысымен 2 қызметкер жүлде алды.
Жамбыл облысының 75 жылдығы мен «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа республикамыздың облыстары мен Астана қаласынан барлығы 10 ақын қатысты.

Алматы облысындағы Жамбыл облысының Мәдениет күндері ұйымдастырылып, жамбылдық өнерпаздар «Жер жаннаты - Жетісу» жұртшылығының ризашылығына бөленді.

Екінші рет «АЗИЯ ЕЛІ» атты Халықаралық жерлестік фестивалі ұйымдастырылды.

«Қайран ерлер–қаһарман ардагерлер» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, байқауға түрлі жанр бойынша барлығы 9 аудан мен Тараз қаласынан 160-қа жуық өнерпаз ардагерлер қатысты.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты облыстық фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында аудандарда да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтсақ, «Art mix» клуб қызметкерлерінің семинары (шеберлік сағат), фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің байқауы, Меркі ауданында «Би әлемі» байқауы, Мойынқұм ауданында «Ән аға!» атты Шәмші Қалдаяқов әндерін орындаушыларының фестивалі, Байзақ ауданында «Алты Алашқа танылған ақын еді...» атты Ә.Жанқұлиев атындағы ақындар айтысы және «Жырменен өткен көп күні» атты жас жазба ақындардың жабық жыр мүшайрасы, Нұрғиса Тілендиев атындағы ІV Республикалық «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты әншілер және күйшілер конкурсы, Шу ауданында «Ерке сылқым» атты Әбдімомын Желдібаевтың күйлерін орындаушыларының байқауы, Т.Рысқұлов ауданында М.Өзбеков атындағы «Келші Құланға!» ІІІ облыстық әншілер конкурсы өтті.

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де атқарып отырған жұмысына жоғарғы баға беруге болады. Қала тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру, халықтың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен қатар, даталы мерекелерге байланысты облыс орталығында түрлі шараларды өз деңгейінде өткізіп келеді.

Міне, бүгін жыл ішінде өткізілген шаралардың қорытындысымен бірқатар мекемелер, аудандар 10 млн. теңгенің материалдық заттарымен марапатталып жатыр. Бұл басқарма тарапынан мәдениет және өнер мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында көрсеткен көмегі деп біліңіздер.

Биылғы жылы да облыс көлемінде барлық аудандар қамтылған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Және де облыс әкімінің тапсырмасына орай аудандардың мәдениет күндері өткізіледі. Кеше ғана осы шараның басы басталып, Мойынқұм ауданы Тараз қаласында мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізді. Барлық аудандар осы істі жауапкершілікпен ұйымдастырады деп сенемін.

Сондай-ақ, өздеріңізге белгілі, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында негізгі міндеттерді жүзеге асыру барысында 2015 жылы Елдік пен ерліктің ерен үлгісі Қазақ хандығының 550 жылдығын ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Және де биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту міндеті тұр. Осы мерейлі тойларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға барлығымыз бар күш жігерімізді жұмсап, нәтижелі жұмыс атқаратын боламыз.

2014 жылдың тамыз айында Ұлы Жібек жолы бойымен Қытай Халық Республикасының Сиань провинциясынан шыққан тарихи керуен, биылғы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында сапарын аяқтап, бұл шара облысымызда маңызды оқиғаға айналмақ. Осы бағытта бірқатар мәдени-көпшілік іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр.

Сөзімді қорытындылай келе, біздің алдымызда облыс әкімінің төрағалығымен өткен 2014 жылғы 7 сәуірдегі аппараттық кеңесте және 27 қарашадағы облыс әкімдігінің мәжілісінде берілген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету міндеті тұр.

Құрметті әріптестер мен шақырылған қонақтар, жыл бойы бізбен бірге бірлесіп жұмыс жасаған облыстық басқармалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына және қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғыс білдіреміз. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Баяндама аяқталды.